Анаға тағзым

Тамаша дәстүр қуантты

Ақтөбеде өткелі жатқан Аналар слеті — барша адамзат тәрбиешісі, тіршілік бастауы анаға деген ыстық ықылас пен шын ниеттің бір көрінісі. Ананы қазақ халқындай құрметтейтін әлемде ел жоқ шығар. Қазақы тәрбиенің қаймағын бұзбай, ел аналарын жинап, басын қосып жатқан ақтөбеліктерге деген алғысым шексіз.

Қызметімді 1997 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде аспирант болып бастаған едім. Осы жылдардан бастап, менің еңбек жолымда түрлі әйелдер кездесті.  Әр әйел өзінше әдемі. Әр әйелдің өзіндік әлемі бар. Тек сол әлемді тани білсеңіз болғаны. Алдымен әйел затын ана деп тани білуіміз қажет. Ал «ана» деген әдемі атқа ие болған адам, ол отбасының ұйытқысы, елдің берекесі бола біледі. Біз қандай қызметте жүрсек те, отбасында  — анамыз. Сондықтан еліміздің қай өңірінде болмасын, аналар үшін жасалып жатқан игі істер бізді де бейжай қалдырмайды.

Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Анаға тағзым» орталығы салынып жатқандығын бұған дейін де естіген едім. Аталған бірегей жобаның тұсаукесері Аналар слетімен тұспа-тұс келіп тұр екен.

Бұл менің құтты мекен Ақтөбеге барғалы тұрған екінші сапарым болмақ. Бұған дейін де бір рет болғам. Күн санап емес, сағат санап қарыштап келе жатқан мекеннің өзіндік бір жылылығы бар.

Өңірде заманауи тұрғыда жаңадан бой көтеріп жатқан ғимараттар баршылық екенін байқадым. Дегенмен әйел затын сыйлап, құрметтеудің тамаша дәстүрін дәріптейтін, өскелең ұрпаққа рухани азық беретін игі бастаманың көрші Ақтөбеде салуы бізді қатты қуантады.

Нұрсәуле САЙЛАУОВА,

Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button